Скопировано

Цифрлық штаб IT дамуының басым бағыттарын кеңейтті және суперкомпьютерлік орталықтың жұмыс ережелерін бекітті

22.10.2025 14:46:00
Дата публикации
Цифрлық штабтың отырысында Халықаралық Astana Hub IT-стартаптар технопаркі үшін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы басым бағыттар тізімін кеңейту туралы шешім қабылданды. Тапсырманы орындау мерзімі — 2025 жылғы 10 қарашаға дейін.

Жаңартылған тізімге мультимедиа, дизайн, ойын басып шығару, бағдарламалық қамтамасыз етуді сүйемелдеу және модификациялау, сондай-ақ киберспорт қызметтері мен ағылшын тілін оқыту енгізілді.

Сонымен қатар, Қазақстан резиденті емес тұлғаларға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы бизнес-процестерді аутсорсингтеу қызметтері қосылды. Бұл отандық IT-компаниялардың экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған.

Мемлекеттік органдарға жеке мобильді қосымшалар жасауды тоқтатып, eGov және Aitu платформалары арқылы біріктірілген модельге көшу тапсырылды.

Билік өкілдерінің пікірінше, SuperApp моделіне көшу цифрлық шешімдердің бытыраңқылығын жоюға, азаматтардың мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін арттыруға және деректердің қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Alem.cloud Ұлттық суперкомпьютерлік орталығының есептеу ресурстарын бөлу ережелері бекітілді, кейін нормативтік құқықтық акт әзірленеді.

Alem.cloud ресурстарына Astana Hub стартаптары, университеттер, ғылыми ұйымдар, мемлекеттік органдар және жеке сектор жобалары, соның ішінде шетелдік компаниялар қол жеткізе алады.

Есептеу ресурстарын бөлуде басымдық жасанды интеллектті ұлттық деңгейде дамыту және негізгі салаларды цифрландырумен байланысты жобаларға беріледі.

Оларға білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік, өнеркәсіп, тау-кен металлургия кешені, құрылыс және робототехника салалары кіреді.

Ғылым және жоғары білім министрлігіне Alem.cloud ресурстарын пайдаланатын жобаларға қатысатын жоғары оқу орындарын қолдау тапсырылды.