Скопировано

Ташкенттегі ICT Week 2025 іс-шарасына қатысу

29.09.2025 13:25:00
Дата публикации
Еуразиялық Цифрлық Қордың құқықтық тәжірибе жетекшісі Елжан Қабышев Өзбекстанның Орталық жобаларды басқару агенттігінің шақыруымен ICT Week 2025 халықаралық форумына қатысты. Бұл іс-шара жыл сайын Ташкент қаласында өткізіледі.

ICT Week мемлекеттік органдардың, бизнес өкілдерінің, халықаралық ұйымдар мен сарапшылардың басын қосады. Форумда телекоммуникация инфрақұрылымын дамыту, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және цифрлық егемендік сияқты цифрландырудың өзекті бағыттары талқыланды. Қатысушылар қатарында Еуропалық Одақ, Орталық Азия елдері, жетекші жаһандық және өңірлік компаниялар мен зерттеушілер болды.

Форум аясында «Еуропалық Одақ және Орталық Азия: цифрлық ынтымақтастықты кеңейту» атты жоғары деңгейлі панельдік пікірталас өтті. Сонымен қатар «Орталық Азияның цифрлық болашағы: көзқарастар, сын-тегеуріндер және даму жолдары» сессиясында өңірдің цифрлық трансформациясы мен серіктестіктің келешегі талқыланды.

Панельдік отырыс барысында Елжан Қабышев «Қазақстандағы интернет шектеулері: желілік араласу және контентті реттеу» тақырыбында баяндама жасады.

Негізгі бағыттар:

- Қазақстандағы сайттар мен сервистерді бұғаттау туралы техникалық деректер (VPN, БАҚ, петиция платформалары);

- OONI өлшемдерімен расталған TLS man-in-the-middle (MITM) шабуылдары сияқты желілік араласу әдістерін қолдану;

- Мемлекетке контентті бұғаттауға мүмкіндік беретін байланыс, БАҚ және экстремизмге қатысты заңнамалар;

- Пікір білдіру еркіндігіне және азаматтардың құқықтарына әсері.

Бұл баяндама халықаралық сарапшылар қауымдастығына Қазақстандағы интернет шектеулерінің техникалық және құқықтық қырларын көрсетіп, цифрлық құқықтарды қорғаудың маңыздылығын айқындады.

ICT Week 2025 өңірлік және халықаралық серіктестердің цензураға қарсы күрес және цифрлық ынтымақтастықты дамыту бағытында пікір алмасатын маңызды алаңына айналды.