Скопировано

Цифрлық штаб Digital Qazaqstan стратегиясының моделін бекітті

Дата публикации
Digital Qazaqstan моделі Қазақстанның цифрлық мемлекет форматына көшу жолын айқындайды. Құжат Президенттің ауқымды цифрландыру және жасанды интеллектіні экономиканың барлық негізгі салаларына енгізу жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында әзірленуде.

Енді стратегиялық шешімдерді Цифрлық штаб қабылдайды, ал операциялық басқаруды жаңартылған ведомствоаралық құрылым — Мемлекеттік қызметтер комиссиясының негізінде құрылған Жеделдетілген цифрлық трансформация комиссиясы жүзеге асырады.

Ауқымды цифрландыру стратегиясы тұрақты экономикалық өсімге, мемлекеттік қызметтердің тиімділігін арттыруға және «орта табыс тұзағын» еңсеруге бағытталған (ел орташа табыс деңгейіне жеткеннен кейін инновацияның әлсіздігі мен өнімділіктің төмендігі салдарынан өсім тоқтайтын жағдай). Жасанды интеллект технологияларына өнімділіктің және салаларды жаңғыртудың негізгі қозғаушы күші ретінде ерекше рөл берілген.

Премьер-Министр мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға 2025 жылғы 5 желтоқсанға дейін алғашқы ауқымды цифрландыру әсерін көрсететін «мұзжарғыш жобаларды» әзірлеуді тапсырды. Қорытынды стратегия жобасы 2025 жылдың соңына дейін аяқталады.

Құжат нақты KPI-лары бар ұлттық жобалар жүйесіне негізделеді. Оған 10 бағыт кіреді: цифрлық мемлекеттік қызметтер, білім беру, денсаулық сақтау, еңбек нарығы, деректер экономикасы, киберқауіпсіздік, робототехника, инфрақұрылым, реттеу және стартап экожүйесі.

Пилоттық бағыттардың бірі ретінде білім беру таңдалды. «ЖИ негізіндегі интерактивті білім беру» жобасы ЖИ университетін құруды, Tomorrow-school-ды кеңейтуді, GPT Education-ды енгізуді және мектеп оқушыларына арналған ЖИ бағдарламаларын қамтиды.

Мұндай бастамалар цифрлық сауаттылықты арттырады, PISA рейтингтерін жақсартады және болашақ цифрлық экономикаға қажетті STEM мамандарын дайындауды жеделдетеді деп күтілуде.

Стратегияны іске асыру еңбек өнімділігінің өсуіне, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерінің қысқаруына, жаңа салалар мен жұмыс орындарының құрылуына, сондай-ақ негізгі процестердің автоматтандырылуын жеделдетуге әкелуі тиіс.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевтің айтуынша, 2028 жылға қарай жетекші елдерде ЖИ-ге инвестициялар ЖІӨ-нің 4–6%-ына жетеді, оның ішінде 65%-ға дейінгі қаражат IT жабдықтары мен есептеу кластерлеріне бағытталады — бұл Қазақстанның цифрлық инфрақұрылымының іргетасы.