Бірнеше апта бұрын Тегеран мен басқа да ірі қалалардағы экономикалық және әлеуметтік тұрақсыздық аясында ауқымды көшедегі наразылықтар басталды. Кейін Мешхед пен Керманшахта да жаппай толқулар туралы хабарлар тарады.
Қаңтардың басында БАҚ ел бойынша контент пен интернет трафигіне қатаң шектеулер енгізілгенін хабарлады. 7 қаңтарда трафикті шектеу деңгейі 90%‑ға жетті, ал 8‑і күні кешке IODA, CloudFlare және NetBlocks мониторинг қызметтері толық интернет‑шатдаунды тіркеді.
Екінші күні спутниктік Starlink интернетінің трафигі де шектелгені туралы хабарлар түсті.
Сарапшылардың бағалауынша, Иранда ондаған мың Starlink терминалы болуы мүмкін. Алайда бұл жолы спутниктік трафиктің 80%‑ға жуығы бұғатталды.
90 миллион халқы бар елде ақпаратқа ғана емес, интернет‑банкингке, әлеуметтік қызметтерге, электрондық коммерция платформаларына, азық‑түлік пен дәрі жеткізуге, білім беру порталдарына және басқа да маңызды сервистерге қол жеткізу толық тоқтады.
Кейін ел бойынша телефон байланысы мен SMS қызметтері де іс жүзінде жұмыс істемейтіні белгілі болды. Сондай‑ақ наразылық білдірушілер, бейбіт тұрғындар және күштік құрылым қызметкерлері арасында екі мыңнан астам адамның қаза тапқаны туралы ақпарат тарады.
Eurasian Digital Foundation интернет‑шатдаундар кез келген жағдайда қауіпсіздікті немесе тәртіпті қамтамасыз етпейтінін еске салады.
Керісінше, ақпараттық вакуум халық арасында одан да көп құрбылар мен хаосқа әкеледі.
NetBlocks халықаралық компаниясының бағалауынша, интернетті өшіру Иран экономикасына күніне 37 миллион АҚШ долларынан астам шығын келтіреді. Алты күн ішінде шығын 224 миллион доллардан асты.
Ирандағы қайғылы оқиғалар цифрлық адам құқықтарының маңыздылығын, әсіресе тұрақсыздық пен қауіпсіздік қатері жағдайында, айқын көрсетеді.
Бұған дейін Қазақстандағы интернет‑шатдаундарға қарсы кампания аясында біз 2022 жылғы қаңтардағы шектеулерге байланысты Конституциялық сотқа жүгінген едік. Қазір бұл өтініш әлі қаралуда.
Біз елімізде интернетті заңды құқық ретінде тануға және оны шектеуге жол бермеуге ұмтыламыз.